Қазақстан тумасы Рафаэль Физиев пен бразилиялық Рафаэль дос Аньос арасындағы 5 наурыз күні UFC 272 турниріне жоспарланған кездесуі тағы кейінге шегерілді, деп хабарлайды инсайдер Ариэль Хельвани.
Бұл жекпе-жек осымен екінші мәрте кейінге шегерілді. Әуелде Физиев пен дос Аньос айқасы 19 ақпанда Лас-Вегаста өтуі керек еді. Бірақ ол кезде Рафаэль виза алып үлгермеді. Енді ол коронавирус жұқтырып алыпты.
Соңғы мәрте Физиев UFC Vegas 44 турнирінде өнер көрсетіп, Жаңа Зеландия елінің өкілі Брэд Ридделден айласын асырды.
Ал дос Аньос болса ақырғы рет 2020 жылдың қарашасында жекпе-жек өткізіп, америкалық Пол Фелдерден үстем түсті.
Бұл Физиевтің карьерасындағы ең маңызды кездесу болмақ. Айта кетейік, Рафаэль негізі Қордайда (Жамбыл облысы, Қазақстан) дүниеге келген. UFC ұйымында алғашқы кездесуін 2019 жылы өткізді. 2021 жылдың 14 қазанына дейін ол Қырғызстанның намысын қорғады. Қазір Әзірбайжанның атынан шығады.