MMA
24 тамыз 2020 16:55

"Кез келгенімен шығамын, алға, Қазақстан". Қазақстандық файтер Хабибтің інісімен жекпе-жек жайлы

Сергей Морозов. Сурет: M-1 Global©
Қазақстандық спортшы Сергей Морозов UFC ұйымындағы бірінші кездесу туралы ойымен бөлісіп, кез-келген қарсыласпен шығуға дайын екенін айтты. 

Морозовтың жекпе-жегі UFC 254 турнирінде өтеді. Бұл кештің басты айқасында жеңіл салмақта UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов америкалық Джастин Гэтжиге қарсы кездесуде чемпиондық белбеуін қорғайлы. Турнир Абу-Даби қаласында "Жауынгерлер аралында" өтеді. 

Аталған кеште Морозовтың қарсыласы ресейлік Умар Нурмагомедов болуы мүмкін екені айтылып жатыр. Ол Хабибтің немере інісі. 

"Қазан айында, UFC 254 турнирінле ұйымның екі дебютанты Нурмагомедов пен Морозов шығады дейді. Мен осындай әңгіме естідім. Не де болса мен дайын боламын. Кез-келген қарсыласпен шыға беремін", - деп жазды Морозов Instagram парақшасында. 

М-1 лигасында жүріп өткен жолымды білесіз. Белбеуді жеңіп алғаннан кейін сөзімді жанкүйерлер жақсы біледі. Бірақ ол енді тарих. Тарихтың ол бетін жауып, жаңа бөлімін бастау керек. 

"Жанкүйерлер бізден жарқын жеңіс күтеді. Біз жеңіс сыйлау үшін барлығын жасаймыз. Бастауға дайынмын! Кез-келген қиындықтарға дайын болу үшін біз күн сайын залда жаттығу жасаймыз. Мен және командам - бірге кезімізде біз мықтымыз. Қолдауларыңыз үшін рақмет. Алға, Қазақстан", - деді спортшы. 



Еске салайық, UFC ұйымына Морозов жеңіл салмақта M-1 Global чемпионы ретінде ауысты. Ақтөбелік спортшы соңғы кездесуін 19 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында өткізіп, америкалық Джош Реттингхаустан үстем түсті. 

31 жастағы отандасымыз аралас жекпе-жек 2008 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Ол 16 рет жеңіске жетіп, төрт мәрте жеңілген.