Единоборства
19 шілде 2020 12:01

"Жабайы аңдармен өстім". Бразилиялық файтер қарсыласын бірінші раундта жеңіп чемпион атанды

Сурет: Reuters©️
Бүгін, 19 шілдеде өткен UFC Fight Night 172 турнирінде америкалық Джозеф Бенавидестен басым түскен бразилиялық файтер Дейвисон Фигередо титул жеңіп алғанына қатысты өз ойын айтты, - деп хабарлайды "Спорт-Экспресс".


"Менің жұлдызды сәтім туатынын білгенмін, белбеуді қорғаймын. Белсенді чемпион боламын. Бразилияның солтүстігі мен Амазонка аумағындағы Марахо аралында өскен жігітпін. Жабайы аңдармен бірге өсу үйреншікті болып кеткен еді, солардан да бойыма алғаным бар. Міне осы үшін еңбектендім. Апта бойы бұл жекпе-жекті бірінші раундта аяқтаймын деп айтып келдім", - деп береді спортшының сөзін MMA Fighting.

Еске салайық, бұл жекпе-жек Абу-Дабидегі Жауынгерлер аралында өткен турнирдің басты оқиғасы болды. 32 жастағы бразилиялық үшін бұл ММА-дегі 19-шы жеңісі, ол бір рет қана отандасы Жусиера Формигиден жеңілген екен. 35 жастағы Бенавидес жетінші рет жеңіліп отыр, сонымен бірге ол 28 жекпе-жегінде жеңімпаз болған. 

Айта кетейік, қарсыластар ақпанда кездескен болатын - Фигередо ол кезде нокаутпен жеңген, алайда, салмақ өлшеуден өте алмағандықтан белбеуді иелене алмады.