Чемпионның әкесі 3 шілде күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 15:00-де қайтыс болған. Ол емханада өкпенің екі жақты қабуынуы және одан бөлек жүрек қантамырлары ауруымен жатқан. Ем қабылдап жатқан кезде бапкер инсульт алып, содан соң өзіне келе алмаған.
Еске салайық, Нурмагомедов 25 сәуір күні Дағыстандағы емханаға өкпе қабынуы деген диагнозбен түскен. 3 мамыр күні оны Мәскеуге жеткізді. Кейіннен даңқты маманнан коронавирустың шыққаны анықталды. Бірақ 19 маусым күні ол індеттен айыққан. Дегенмен де бірнеше уақыт комада жатқан.
Чемпионның әкесінің қайтыс болғаны туралы ақпаратты кеше, 3 шілде күні Чечен Республикасының басшысы Рамзан Кадыров айтқан болатын.
Абдулманап Нурмагомедов әскери самбодан 18 әлем чемпионын тәрбиелеп шығарған. Осы жетістігі үшін де ол Гинесстің рекордтар кітабына кірді. Еркін күрестен КСРО-ның спорт шебері, Ресейге еңбегі сіңген бапкер тек ұлы Хабиб Нурмагомедовті емес, Ислам Махачев, Рустам Хабилов, Тагир Уланбеков және тағы басқа да спортшыларды жаттықтырған.