Балалар спорты
15 сәуір 18:43
 

Қазақстандық жасөспірімдер Дүниежүзілік гимназиада ойындарынан олжалы оралды

  Пікірлер

blog.share

Қазақстандық жасөспірімдер Дүниежүзілік гимназиада ойындарынан олжалы оралды ©

4-14 сәуір аралығында Сербияның Златибор аймағында ISF U15 2025 мектеп оқушыларына арналған жыл сайынғы спорт фестивалі өтті. Биыл бұл жарысқа 55 елден 2 500-ден астам жас спортшы қатысты.

blog.share

4-14 сәуір аралығында Сербияның Златибор аймағында ISF U15 2025 мектеп оқушыларына арналған жыл сайынғы спорт фестивалі өтті. Биыл бұл жарысқа 55 елден 2 500-ден астам жас спортшы қатысты.

Қазақстан құрамасы 22 спортшымен барды. Жас спортшыларымыз бокс, еркін күрес, шахмат және дзюдо спорт түрлерінен сынға түсті. Олардың қатарында Auyl Sport жобасының жеңімпаздары да қатысты.

Гимназиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 11 медаль жеңіп алды. Оның ішінде жоба спортшылары 4 медальді еншіледі. Атап айтсақ, бокстан 19 елден келген 160 спортшы қатысқан жарыста 52 келі салмақта Макаров Шыңғыс, 60 келі салмақта Садық Айбек және 57 келі салмақта Нұртас Әлімбай алтын медальға ие болды. Бұлар 2024 жылы Auyl Sport жобасында топ жарған спортшылар.

«Auyl Sport жобасы ауылдағы талантты балаларға үлкен аренаға шығуға жол ашып отыр. Бұл – жай ғана спорттық жоба емес, нағыз әлеуметтік лифт, ауыл баласының арманын ақиқатқа айналдыратын мүмкіндік. Гимназиададағы жетістіктер – осы мақсаттың орындалғанына дәлел», – дейді Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Еркін күрес жарысында да біздің спортшылар жүлдесіз қалған жоқ. Түркістан облысы Бәйдібек би ауданы, Шалдар ауылының спортшысы Қалыбек Нұрқожа қола медаль иеленді. Ол да осы жобада жеңімпаз болған жас талант.

Шахмат турнирі рапид және блиц форматтарында өтті. 17 мемлекеттен 100-ден астам спортшы қатысқан жарыста осы жобаның жүлдегерлері Жанат Нұрым мен Алғаппарова Олтинай жоғары шеберлік көрсетіп, ұйымдастырушылар тарапынан арнайы марапаттарға ие болды.

«Гимназиадада алтын алу — ауылдан шыққан мен үшін баға жетпес жетістік. Бұл маған артылған сенімді ақтағанымның, ата-анам мен туған ауылымның үмітін орындағанымның белгісі. Қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Бұл жеңіс — жалғыз менің емес, мені қолдаған әр адамның жеңісі!» – дейді гимназиада алтын иеленген Макаров Шыңғыс.

Халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатқан жас спортшылар меценат Тимур Асқарұлының атынан алғыс хаттармен және ақшалай сыйақылармен марапатталды:

Алтын медаль иегерлеріне – 1 миллион теңге,
Қола жүлдегерге – 300 мың теңге,
Жас шахматшыларға – әрқайсысына 200 мың теңгеден табысталды.

Чемпиондарды дайындаған жаттықтырушылар да назардан тыс қалмады – олардың еңбегі де ақшалай сыйақымен лайықты бағаланды.

Ауыл балаларына арналған ең ірі республикалық спорттық жоба 2024 жылы басталған болатын. Өткен жылы 200 елді мекеннен 12 000 жас спортшы өңірлік турнирлерге қатысып, 17 облыстан 1 300 үздік спортшы финалда өз шеберліктерін көрсетті.

Қазіргі таңда жоба аясында бокс, күрес, каратэ, баскетбол, волейбол және шахмат спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіліп келеді. 2025 жылдан бастап жобаға үстел теннисі де қосылады.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport

 

Жарнама

Живи спортом!