Бокс
3 қараша 2020 10:09

"WBO чемпионымен жұдырықтастым". Қарсыласын бір соққымен сұлатқан Нұрдәулетов кәсіпқойдағы жекпе-жекке дайындық жайлы

Өткен демалыс Атырауда өткен бокс кешінде 22 жастағы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін өткізді. Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан құрамасының боксшысы бұл кездесуге қалай дайындалғанын және алдағы мақсаты туралы айтып берді.

Еске салайық, Бекзат алты раундқа есептелген жекпе-жекте танзаниялық Ибрахим Маоколамен (14-10-1, 9 КО) жұдырықтасып, қарсыласын екінші раундта нокаутқа түсірді. 

Бекзат, жеңіс құтты болсын! Кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегіңе жалпы дайындық туралы айтып берсең.

Бапкерлер қойған тапсырманы ойдағыдай орындауға тырыстым. Жекпе-жекке нақты жоспар құрылды. Қарсыластың еркін қимылдауына мүмкіндік бермеу, барынша қысымға алып, дәл және ауыр соққылар көбірек жасау. Толық алты раунд жұдырықтасуға дайындалдық. Жекпе-жек кезінде аса бір қиындықтар туған жоқ. Дегенмен қарсылас осал емес еді. Сәтін салып жекпе-жек уақытынан бұрын аяқталды. Қуаныштымын!

Жекпе-жек алдында қарсыласты зерттеуге мүмкіндік болды ма? Кәсіпқой рингтегі тұсаукесер кездесуіңді өз еліңде өткіздің, қандай сезімде болдың?

Кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуім маған үлкен жауапкершілік жүктеді, сондықтан басқаша сезімде болдым. Ал қарсыласты бапкерлерім барынша зерттеген. Қарсыласты менсінбеу кәсіпқойда да үлкен қателікке ұрындырарын білеміз. Тыңғылықты дайындық, нақты жоспар, өз күшіңе деген сенімділік пен жанкүйердің қолдауы - сені жеңіске жетелейді. Барша қолдау білдірген Қазақстан жұртына рақмет айтамын!

 АҚШ-та оқу-жаттығу жиынын өткізіп келдің. Ол жақтағы белгілі бокс мамандарының саған көзі түсіп, тіпті әйгілі Фрэдди Роуч рингтегі өнеріңе тәнті болған деп естіп жатырмыз. Спарринг серіктерің де атақты боксшылар болған екен, соған тоқтала кетсең?

АҚШ-та өткізген оқу-жаттығу жиынында мықты боксшылармен де спарринг өткіздік. Атап айтсам WBO чемпионы Хильберто Рамирес (40-0; 26 КО), кезінде Геннадий Головкинмен жұдырықтасқан Габриель Росадо (25-12-4; 14 КО) және кіші Хулио Сезар Чавес (55-5-2; 33 КО) секілді жұлдыздар. Мен үшін бұл үлкен тәжірибе болды.

Токио Олимпиадасынан қазақ жанкүйерлері өзіңнен 81 келі салмақта алтын жүлде үміт етеді. Ал содан кейін кәсіпқой боксқа толықтай ауысатын ойың бар ма?

Кәсіпқойда өткізген жекпе-жек Токио олимпиадасы алдында жақсы дайындық болды деп есептеймін. Қазіргі таңда басты мақсат - Олимпиада алтыны. Елімнің байрағын биік көтеру. Жапониядағы ойындардан кейін ғана кәсіпқой бокс туралы ойланармын.