АҚШ-тың Флорида штатында ломбардтан АК-47 автоматын сатып алмақ болған сәтте гаитилік бокс ардагері Азеа Августама (20-3, 12 КО) тұтқындалды. Ол бұған дейін Майамидегі бокс залында бәрін қырып тастайтынын айтқан екен, деп хабарлайды vRINGe.com сайты Badlefthook.com порталына сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, Августама BOXR залында жаттығуын аяқтап қалған, осы кезде одан орынды босатуды талап еткен бапкермен жанжал туған. Бапкер жаттығуын бастамақ болған екен.
Осы жанжалға байланысты зал қожайыны Азеаға ақшасын қайтарып беріп, енді келмеуін сұрапты.
Бірнеше күннен кейін боксшы Instagram желісінде Парклендтегі мектепте балаларды қырған қылмыскердің суретін жариялап, өзі де осылай еткісі келіп жүргенін жазыпты. Оның үстіне жеке адамның суретін қойып, ең бірінші содан бастайтынын айтқан екен.
Мұны білген полиция оны дереу тұтқынға алды.
Августама Гаити құрамасымен 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадаға қатысқан. Ал кәсіпқойдағы ең маңызды айқасы 2014 жылы Головкин - Рубио кардында болды. Бұл жекпе-жекте ол төрешілер шешімімен Эдвин Родригеске есе жіберді.