Бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Тұрсынғали Еділов ұлттық құраның қазіргі жағдайын баға берді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Еске салайық, Еділов 2000 жылы Аустралияның Сидней қаласында өткен Олимпиадаға Қазақстан құрамасын бастап барған еді. Ол кезде қазақстан боксшылар екі алтын және екі күміс жеңіп алған болатын.
Маман сол кез бен қазргінің басты айырмашылығын атады
"Қазір заман да басқа, жағдай да басқа. Біз ол кезде жертөлелерде жаттығатынбыз. Қазіргі боксшыларда "аштық" жоқ. Бекер айтпайды ғой: "Аз болсын, бірақ, мотивация болсын" деп. Ол кезде спортшылардың мотивациясы өте жоғары еді, олар ізденісте болатын.
Ал қазір ше? Әлем чемпионаты үшін 200 мың доллар береді. Күндіз-түні еңбек ету керек. Біз ол кезде Олимпиада үшін небәрі мың доллар алдық", – дейді бапкер Sport+ YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Қатарынан екі Олимпиадада алтын бұйырмады
Қазақстанның бокстан соңғы Олимпиада чемпионы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен ойындарда алтын медаль жеңіп алған Данияр Елеусінов болды.
Одан кейінгі екі Олимпиада Қазақстан үшін сәтсіз аяқталды. Токио-2020 ойындарында біздің спортшылар небәрі екі қола алса, Париж-2024 Олимпиадасында тек бір ғана күміс жүлде бұйырды.
Жарнама