Бокстан Өзбекстан құрамасының көшбасшысы Баходир Жалолов Азия чемпионаты финалында Қамшыбек Қоңқабаевты жеңгеніне қатысты ойын айтты. Кәсіпқойда да өнер көрсететін өзбек боксшы Қазақстан құрамасы капитанын Токиодағы басты қарсыласы деп санайды.
Азия чемпионатының шешуші кездесуінде Жалолов төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Ал Қамшыбек бірінші раундта нокдаунға түскен болатын.
"Біз барлық қарсыластарымызды құрметтейміз, олар мықты әрі тәжірибелі спортшылар. Мәселен Қазақстан боксы өте мықты ел, Моңғолия да жақсы, осы жолы Үндістан бізді өкшеледі.
Бұл Қамшыбекпен жетінші айқасым болды, ол әдеттегідей өте қиын қарсылас. Дегенмен қиындық осы жолы физикалық тұрғыдан гөрі, психологиялық жағынан көбірек еді. Мен өзіме сенімді болдым, өйткені кейінгі екі рет оны жеңіп, ешкімге жеңілмедім. Кейінгі айларда психологиялық жағынан көбірек дайындық жүргіздім және бұл өзін ақтады.
Олимпиада ойындары алдында бар күшімді салу керекпін. Олимпиаданы жеңіп алуды армандаймын, сондықтан Токиоға жүз пайыз дайын болуым қажет. Енді ешқандай турнирге бармаймыз, соңғы кезеңді Өзбекстанда өткіземіз.
Мен үшін Токиода басты қарсыластар - Қазақстан, Ресей, Куба және Аустралиядан. Олимпиададан кейін бокстан әлем чемпионатына қатысамын, ал одан кейін көре жатармыз", - деп береді Жалоловтың сөзін Asbcnews.org.