Қазақстандық Геннадий Головкин және мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен де жекпе-жек ұйымдастырып жүрген Matchroom Boxing промоутерлік компаниясының басшысы Эдди Хирн боксшылардың трилогиясы туралы біраз мәлімет айтты, деп хабарлайды Vesti.kz.
Промоутер FightHype басылымына берген сұхбатында жекпе-жек өтетін орынды атады. Бұл ретте Хирн бәрі "Канело" мен ресейлік Дмитрий Бивол арасындағы айқасқа байланысты екенін айтты. Бұл айқас Қазақстан уақыты бойынша 8 мамырда таңертең өтеді.
"Иә, бұл біздің жоспарымыз. Бәрі келесі сенбіде шешіледі. Токиода бәрі жақсы өтті (Головкин - Мурата жекпе-жегі жайлы). Бірақ "Канело" келесі аптада Биволды жеңуі керек. Бұл ғажап жекпе-жек болады. Бивол қазір бабында. Ол "Канелоға" қарсы бар күшін салуға дайын. Егер "Канело" жеңіске жетсе, онда қыркүйекте GGG-мен трилогия өтеді деп күтуге болады", - деді промоутер.
Оның айтуынша, трилогия 17 қыркүйекте өтеді деп жоспарланған. Бұл айқас өтетін орын туралы сұраққа Хирн түрлі нұсқа қарастырылып жатқанын айтты: "Бірақ менің ойымша, Лас-Вегас ең басты орын", деп түйіндеді ол.