Boxing247.com журналисті Уилл Аронс бірінші орта салмақта WBA чемпионы америкалық Теренс Кроуфорд (41-0, 31 KO) жоғары дивизионға өтіп, IBF және WBO титулдарына ие Жәнібек Әлімханұлымен (16-0, 11 КО) жұдырықтасу керек деген ойда.
Осы арқылы Теренс алда Сауль Канело Альвареспен жекпе-жек өткізе алады екен."Канело 2025 жылы Теренсті қарсылас етіп таңдамаса, Кроуфордқа салмақ дәрежесін көтеру керек. Альвареспен айқасу мүмкіндігін арттыру үшін оған орта салмаққа өтіп, Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасу қажет.
Жәнібектің бойы 182 сантиметр, сондықтан ол Теренс үшін тым ірі және күшті болуы мүмкін. Бірақ ол 154 фунтта қала берсе, Канело өз салмағынан тым аз болғандықтан онымен айқаспайды. Бұл Саульдің басты сылтауы болады", - дейді Аронс.
Еске салайық, Теренс Кроуфорд жартылай орта және бірінші жартылай орта салмақта әлемнің абсолют чемпионы болған. Ал әйгілі Майк Тайсонның сөзінше, Кроуфорд өте танымал болмаса да, әлемдегі ең мықты боксшы.