Бокс
3 маусым 2020 15:20

"Мексиканы қайта дүркірету". "Канело" карьерасын аяқтағанға дейін бүкіл әлем боксшыларын тізе бүктірмек

Сурет: NotiFight
Төрт салмақта әлем чемпионы Сауль "Канело" Альварес (53-1-2, 36 КО) келесі жекпе-жегін Жапонияда өткізуі мүмкін. Мексикалық боксшы орта салмақта WBA титулы бар жергілікті Риото Муратамен (16-2, 13 КО) жұдырықтасуы ықтимал. Бұл туралы Golden Boy Promotions президенті Эрик Гомес мәлімдеді. 

"Альварес АҚШ аумағынан тыс жерде де жекпе-жек өткізгісі келеді. Біз онымен Жапонияда кездесу өткізу, Мексиканы қайта дүркірету мен Британияға сапар мүмкіндігін талқыладық. Ол барлық вариантты қарастырып жатыр. Карьерасын аяқтағанға дейін осы елдердің бәрінде өнер көрсеткісі келеді. Мәселе брендте. Ол халықаралық танымалдығын арттырғысы келеді. Ол үшін Америкада ғана жұдырықтаса бермеу керек", - дейді Гомес Sky Sports тілшісіне. 

"Канелоның" рингке оралуы қыркүйекке белгіленген. Бұған дейін оның келесі қарсыласы екінші орта дивизионда WBO чемпионы британиялық Билли Джо Сондерс (29-0, 14 КО) болатыны айтылған. Ал желтоқсанда Альварес қазақстандық Геннадий Головкинмен (40-1-1, 35 КО) үшінші жекпе-жек өткізеді.