Бокс
1 шілде 2021 11:45

"Қазақтың туын шет ел ареналарында көтергім келеді". Рай Сейітжанов жекпе-жекке дайындық пен саумалдың пайдасы туралы

Сурет: Boxing News

10 шілдеде Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында MTK Glоbal Kazakhstan менеджерлік компаниясының ұйымдастыруымен өтетін бокс кешінде бірнеше отандық былғары қолғап шебері өнер көрсетеді. Олардың арасында Рай Сейітжанов (6-0, 3 КО) та бар. Сейітжановтың қарсыласы ресейлік Максим Чурбанов (8-8, 1) атанбақ. Vesti.kz тілшісіне арнайы сұхбат берген жерлесіміз дайындығы туралы әңгімеледі.

- Көптен күткен жекпе-жек кешіне санаулы күндер қалып отыр. Дайындығыңыз қалай өтіп жатыр? Білуімше, сіздер жаттығу барысында рационға саумалды қосады екенсіздер.

- Жекпе-жекке дайындығымыз жақсы өтіп жатыр. Жақында спаррингтерімізді аяқтадық. Енді жылдамдыққа жұмыс істеп жатырмыз. Иә, командамызбен саумалды жаттығу кезінде ішеміз. Ұлттық сусынымыздың емдік қасиеті мол. Сондықтан саумалды күнде ішетініміз рас.

- Қарсыласыңыз Максим Чурбановты қаншалықты зерттеп үлгердіңіз? Әлсіз тұстары бар ма екен?

- Қарсыласымды бапкерлік штабпен толық зерттеп шықтық. Әр спортшының осал тұстары болады. Кездесуге толыққанды дайынмын.

- 2020 жылы желтоқсанда Талғат Шәйкен Чурбановпен кездесіп, техникалық нокаутпен жеңген. Осы орайда Талғатпен кеңестіңіз бе?

- Иә, ақылдасқаным рас. Ресейліктің рингте өзін қалай ұстайтынын сұрадым. Алайда Талғат бауырым солақай мен оңқай тұрысты қолданатын боксшы болғандықтан, Чурбановтың оңқайлармен рингке шыққан видеоларын қарап шықтым.

- Кәсіпқой ринг төрінде отандық боксшылармен де қолғап түйістірдіңіз. Жерлестермен жұдырықтасу қаншалықты қиын?

- Кәсіпқой рингте үш мәрте өзіміздің жігіттермен шыққанмын. Бауырларымыз болған соң қиындау әрине. Дегенмен, кәсіпқой рингте өнер көрсеткендіктен, әркім өз жұмысын істеуі керек деп ойлаймын.

- Болашақта алға қойған мақсатыңыз қандай?

- Кез келген спортшының арманы – әлем чемпионы болу ғой. Менің де алға қойған мақсаттарым бар. Қазақтың туын шет ел ареналарында әрдайым көтеріп, атымды тарихта қалдырғым келеді.