60 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын қазақстандық бұрымды боксшы Римма Волосенко ислам дінін қабылдады. Бұл жайында QAZAQ RING youtube арнасына берген сұхбатында өзі айтты, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әлем чемпионатынан кейін, болмаса әлем чемпионаты кезінде журналистердің бірі маған "қай дінге сенесіз?" деп сұрақ қойды. Бұл сұрақ жанкүйерлерді де қызықтырары анық. Енді сол сұраққа тағы жауап берсем, мен мына нәрсені айтар едім. Құдай бәрімізге жалғыз. Жаратушы – жалғыз. Мен осыны білгім келіп, жеке жаттықтырушымнан: «Неге мені Ислам діні өзіне тартады?» - деп сұрағанымда ол: «Римма, бұл енді сенің жеке көзқарасың болу керек. Егер сен Ислам дінін қабылдағың келсе, мен ештеңе дей алмаймын. Сенің ата-анаң да, ешкім де ештеңе айта алмайды", - деді боксшы.
Боксшы қыз ислам діні жанына жақын екенін, тазалық сақтау мен ұстанымдары ұнайтынын айтады.
"Жарыс кезінде, жарыс алдында Ислам діні маған жақын екенін сезінетінмін. Ислам діні мені өзінің тазалығымен тартты. Ішкі дүниеңдегі тазалық қана емес, таза жүру, әр нәрсені таза ұстау сияқты кәдімгі күнделікті өмірдегі тазалықты сақтау керек деген ұстанымымен ұнады. Маған дұға айту, дұға оқу, дәрет алу сияқты діндегі тазалану түрі жақын екенін білдім. Сондықтан мен Лә иләһә илаллаһ Мұһаммәдүр расулуллаһ (Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (с.а.с) Алланың елшісі) деп айтамын. Мен осылай жанкүйерлердің сұрақтарына жауап бергім келеді", – деді ол.
Римма Волосенко 1992 жылы Қостанай облысында туған. Жеке жаттықтырушысы – Берік Мыржықбаев. Боксшы мұнайлы елдер арасында өткен Әлем кубогының иегері, Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Жақында Ханчжоуда (Қытай) өтетін Азия ойындарына ұлттық құрама сапында қатысады.