Бірінші орта салмақтағы қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (12-0, 10 КО) келесі жекпе-жегін маусымда өткізуі мүмкін. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне боксшының командасына жақын мәлімет көзі хабарлады.
Мәлімет бойынша, Садриддин рингке Eye of the Tiger Managment промоутерлік компаниясы өткізетін бокс кешінің бірінде шығады деп қарастырылып отыр. Жекпе-жек Канадада өтеді.
Ахмедов кәсіпқойдағы карьерасын 2018 жылы бастап, содан бері 12 жекпе-жек өткізді. Оның біреуі Қазақстанда және біреуі Мексикада өтті. Ал қалғаны Канадада.
Қазақстандық боксшы кейінгі рет 29 қаңтар Мексикада жұдырықтасып, голландиялық Стивен Даньоны (17-4-3, 6 КО) төрешілер шешімімен жеңіп, WBA Continental, NABF және WBC Francophone титулдарын жеңіп алды.