Қазақстандық боксшы Тұрсынбай Құлахметтің (1-0, 1 КО) жеңілмеген британиялық Маклей Макгоуэнге (14 рет жеңіп, бір рет тең түскен) қарсы жекпе-жегі 11 қараша Йоркширде өтетін бокс кешінің басты кездесуі болады, деп хабарланған МТК Kazakhstan компаниясының Instagram парақшасында.
26 жастағы Тұрсынбай үшін бұл кәсіпқойдағы екінші жекпе-жегі, ал әуесқойда Қазақстан құрамасы сапында ол 2019 жылы Азия чемпионы және әлем чемпионатының қола жүлдегері болған. Бұл кездесуде бірінші орта салмақтағы WBC International белбеуі сарапқа салынады.
Кәсіпқой рингтегі алғашқы жекпе-жегін Құлахмет осы жазда өткізді. MTK Global Алматыда өткізген бокс кешінде ол 27 жастағы отандасы Сағадат Рахманқұловпен жұдырықтасты. Жекпе-жек сегіз раундқа есептелген болатын, алайда, төртіншісінен кейін дәрігерлер Сағадатқа ары қарай жұдырықтасуға тыйым салды.