Қазақстандық кәсіпқой бокс федерациясының президентінің сөзінше, еліміздің кәсіпқой боксшылары шетелдік промоутерлерге жиі алданады. Бұл туралы Қайрат Реимов “SPORTNAMA” ютуб арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Реимовтың айтуынша, биылдан бастап қазақстандық боксшыларға келісімшартын жасау барысында, федерацияның ағылшын тілін білетін заңгері тегін қызмет көрсетпек. Әрі промоутерлері ақшасын жымқырып, келісімшартта уәде етілген жағдайы жасалмаған боксшылардың намысын федерация сотта да заңмен қорғап шығуға даяр екен.
“Біздің әуесқой бокста жарқырап жүрген бауырларымыз, шетелге барып ол жақтың жүйесін-заңын білмегесін, промоутерлермен келісімшартын дұрыс жасамағандықтан, көп боксшыларымыз кіші залдарда спарринг-серіктес болып қана қалып қойып, жарақат алып, үлкен ареналарға шыға алмай елге қайтып келуде.
Бокс әлемінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Жүйесіз жұмыс әрі қолайсыз келісімшарттың кесірінен көп боксшыларымыз 100-200 доллар үшін АҚШ-та әр гаражда спарринг-серіктес болып жүр. Аты шықпай, бар потенциалын аша алмай қалған жігіттерді қадағалап қорғап отыратын орган болуы тиіс. Кәсіпқой бокс федерациясының мақсаты да осы, жігіттеріміздің құқығын қорғап, денсаулығын сақтап, жақсы промоутер мен менеджерге апарып беру” – деді Реимов.
Сонымен қатар, федерация басшысы, жекпе-жекке дайындық барысында былғары қолғап шеберлерінің денсаулығын тексеріп отыратын медициналық орталық іске қосылғанын мәлімдеді. Әрі осы жылы Қазақстанда өтетін кәсіпқой боксшылар арасындағы чемпионаттың жеңімпаздары федерация аясында заманауи залда тегін жаттығу мүмкіндігін иеленбек.
Осы күнге дейін мемлекет тарапынан еш қаржылай көмек көрмей, өз күшімен шетел асқан кәсіпқой боксшыларды Қайрат Реимов федерацияның қолдаумен келешекте бірге жұмыс істеуге шақырды.