Екінші орта салмақта WBC, WBA және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы мексикалық Сауль "Канело" Альварес бес салмақ дәрежесінде әлем чемпионы болған америкалық Флойд Мейвезермен қарымта жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
"Иә, әрине, Мейвезермен қайта жұдырықтасқым келеді. Оған есе қайтаруға мүмкіндік болса, қуанар едім. Екеуіміз де мұндай жекпе-жек болмайтынын жақсы білеміз. Бірақ онымен арадағы мәселені біржола шешкім келеді", – деп келтіреді Альварестің сөзін SecondsOut порталы.
Альварестің алғашқы жеңілісі
Альварес пен Мейвезер арасындағы жекпе-жек 2013 жылдың қыркүйегінде АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен. Ол кезде америкалық боксшы төрешілер шешімімен жеңіске жетіп, мексикалық спортшы кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшыраған болатын.
Ал қазіргі таңда Альварестің есебінде 62 жеңіс (39 нокаутп), екі жеңіліс және екі тең түскен айқас бар. Ал Мейвезер 50 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен (27 нокаут).
Айта кетейік, Канело қазақстандық бокс жанкүйерлеріне Геннадий Головкинмен өткізген трилогиясы арқылы жақсы таныс. 2017 жылғы алғашқы жекпе-жек тең нәтижемен аяқталып дау тудырған еді, бір жылдан кейінгі қарымтада төрешілер шешімімен мексикалық жеңіске жеткен. 2022 жылы өткен үшінші жекпе-жекте де жеңіс Альвареске бұйырды.
Жарнама