Бокс
5 мамыр 2021 11:06

Жеңісті көз жұмған досыма арнаймын. Алтынды екеуміз армандайтын едік - Сабыржан Аққалықов

Польшада өткен жастар арасындағы 2021 жылғы бокстан әлем чемпионатында алтын жеңіп алған Сабыржан Аққалықов (64 келі) өз жеңісін көз жұмған досына арнағанын айтады. Боксшы бұл туралы Vesti.kz тілшісіне айтып берді. 

"Бірінші кезекте бізге қолдау білдіріп, құттықтағандарға алғыс айтқым келеді. Бұл карьерамыздағы маңызды сәт. Сондықтан қуанышымызды бәрімен бөліскіміз келді. 

Боксқа 2013 жылы келдім. Бірде ағамның үйіне қонаққа барғанмын, онда жүлделер мен түрлі кубоктар болды. Ол қазір де ересектер арасында 57 келіде жұдырықтасады.

Маған бұл қаты әсер етті, мен де осындай коллекция жинағым келді. Осылайша, жаттыға бастадым, жеңіс пен жүлдеге ұмтылысым басталды. Аздап жеңе бастадым. Міне осылай әлем чемпионатына да жеттім. Үйде мені толықтай қолдайды. Бапкерлерім Александр Насибуллин, Рамазан Қабдулаевич, Қанат-аға, Нұржан Кәрімжановқа рахмет.

Ал жеңісімді 20 тамызда дүниеден озған жақын досыма арнаймын. Бұл оның арманы болатын. Екеуміз алтын жүлдені қиялдайтын едік. Әлем чемпионатына бірге дайындалдық. Ол да шұғылданды, турнирлерге қатысатын. Енді одан айырылып қалғанымда арманын орындағым келді. Осы оймен жаттықтым. 

Сыйақы алдық. Қалай жұмсарымды білмеймін, бірақ, біз жаңа пәтер алғымыз келеді. Бірдеңе ойластырамыз.

Биыл Азия чемпионатына жасыма байланысты ілінбеймін. Алда ересектер командасы. Ақырындап көреміз, 69 келі салмаққа өтемін. Біздің "қазақ" салмағына. Игеріп, жаттыға бастаймын", - дейді Сабыржан. 

Айта кетейік, 4 мамыр Алматыда 2021 жылғы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді. Боксшыларға ақшалай және құнды заттар сыйға тартылды.