Қазақстандық былғары қолғап шебері Михаил Коханчиктің жағдайы бір қалыпты. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне MTK Global Kazakhstan менеджерлік компаниясының баспасөз хатшысы Данияр Кәрімжан айтып берді.
Боксшы MTK Global Kazakhstan менеджерлік компаниясының ұйымдастыруымен өтетін бокс кешінде Дәурен Елеусіновпен жұдырықтасуы тиіс болған. Алайда жексенбі күні Михаил пышақталып, ауруханаға түскен еді.
- Данияр, Михаил Коханчик туралы суыт хабарды қайдан естідіңіз? Оның жағдайы қалай?
Өкінішке қарай бізге де осындай ақпарат келіп жетті. Михаилдың бапкері Юрий Яновқа хабарластық. Олардың айтуынша аталмыш оқиға жексенбі күні кешкісін болған. Бізге жеткен ақпараттар бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Қылмыс жасағандардың аты-жөндері полицияға белгілі. Алайда Михаил ешкімнің атына арызданбаған. Қазіргі уақытта спортшының денсаулығы бір қалыпты. Ол жансақтау бөліміне жатпаған. Дәрігерлердің айтуынша ол 2-3 күнде ауруханадан шығуы тиіс. Осыған байланысты Михаил 10-шы шілде күні бокс кешіне шыға алмайтын болды. Бәрі жақсы болып жатса кәсіпқой боксшы жылдың соңына дейін ринг төріне қайта оралады.
- Осы орайда Дәурен Елеусінов шілде айының 10-шы жұлдызы жекпе-жек кешіне шығатын мүмкіндігі бар ма?
Иә, болған жағдайға қарамастан Дәурен Елеусінов сіз айтып кеткен бокс кешінде жұдырықтасады. Бұл жайлы оның алдағы қарсыласын жақын күндері ресми хабарлаймыз.