Бокс
16 тамыз 2019 10:26

Исламның бұрынғы қарсыласымен жұдырықтасатын әлем чемпионы Головкин салмағына ауысады

Хайме Мунгия. Сурет: boxingscene.com
Бірінші орта салмақта WBO чемпионы мексикалық Хайме Мунгия (33-0, 26 КО) BoxingScene порталына берген сұхбатында ганалық Патрик Аллотеймен (40-3, 30 КО) жекпе-жек бұл дивизионда соңғысы болатынын мәлімдеді. 

Мунгияның сөзінше, Алотейді жеңсе, ол белбеуден бас тартып, орта салмаққа өтеді.

"Бірінші орта салмақтағы өзге чемпиондармен қолғап түйістіргім келеді, бірақ бұл 154 фунттағы соңғы жекпе-жегім. Салмақ көтеріп, 160 фунтта жұдырықтасатын боламын", - дейді Мунгия.

22 жастағы Мунгия белбеуді 2018 жылдың мамырында амеркиалық Садам Алиді (27-3, 14 КО) нокаутқа түсіріп, сенсация жасады. Мексикалық белбеуді осы кезден бастап иеленіп келеді және титулын төр рет қорғай алды. 

WBO ережесі бойынша, чемпион салмақ ауыстырса, ол бірден міндетті қарсылас атанады. Ал орта салмақта WBO белбеуі америкалық Деметриус Андрадеде (28-0, 17 КО).

Мунгия - Аллотей жекпе-жегі 14 қыркүйекте Карсондағы Dignity Health Sports Park аренасында өтеді.

Айта кетейік, 28 жастағы ганалық 2016 жылы 12 раунд қорытындысы бойынша қазақстандық Канат Исламнан (26-0-0, 21 KO) жеңілген еді. Осыдан кейін Аллотей отанында алты жекпе-жекте қатарынан жеңіске жетті.