Бокс
15 ақпан 2022 14:27

Головкин орта салмақта "суперчемпионмен" өтетін кездесуге болжам жасады

©boxingnewsonline.net

Орта салмақта IBF және IBO белбеулерінің иегері қазақстандық Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) осы салмақта WBA Super белбеуінің иегері жапониялық Риота Муратамен (16-2, 13 КО) өтетін кездесуге болжам жасады, деп жазады Vesti.kz тілшісі. 

Негізі әу баста бұл кездесу желтоқсан айында Жапонияда өтуі керек еді. Бірақ "күн шығыс" елінде карантин шаралары күшейтіліп, айқас кейінге қалды. Енді кездесу мамыр айында өтуі мүмкін. 

- Риотаның соққысы жойқын. Ол кез-келген қарсыласымен соққы алмасуға дайын. Осы туралы не айта аласыз? Оның үстіне алдағы айқасты сіз Жапонияда өткізесіз. 

- Ол өзінің туған жерінде жұдырықтасады деп дәл айттыңыз. Кез-келген спортшыға өз үйінде өнер көрсеткен қосымша күш береді әрине. Ол самурай секілді. Ештеңеден қорықпайды. Соңына дейін баруға дайын. Себебі, оған бүкіл Жапония қолдау білдіреді. Ол аш аң секілді. Ал аш қасқырдың ешқанан артқа шегінбейтіні түсінікті. 

- Алдағы айқас туралы ойыңызды айтсаңыз. Қандай болжам жасайсыз?

- Жекпе-жек әр раундта әртүрлі өрбиді. Біз бар күшімізді ортаға саламыз. Қолдан келгеннің барлығын жасаймыз. Жеңімпазды шаршы алаң көрсетеді, - деді Головкин Walking The Floor подкасына берген сұқбатында. 

Айта кетейік, Головкин 2020 жылдың желтоқсан айынан бері жекпе-жек өткізген жоқ. Ол соңғы рет АҚШ жерінде Камил Шереметаға қарсы (21-1, 5 КО) кездесу өткізіп, жеңіске жетті. Осылайша, отандасымыз 21 рет чемпиондық белбеуін қорғап қалды. 

Ал Мурата болса соңғы рет 2019 жылдың желтоқсан айында жұдырықтасып, канадалық Стивен Батлерден (28-3-1, 24 KO) айласын асырды. 

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport