Бүгін Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі жалғасады. Қазақстан құрамасы сапында үш боксшымыз шаршы алаңға шығады.
Қыздар арасында 60 келіде бақ сынап жатқан Римма Волосенко үшінші жекпе-жегін өткізеді. Осыған дейін Тринидад және Тобаго мен Мажарстан елінен келген қарсыластарынан басым болған еді. Оның келесі қарсыласы уругвайлық Паола Пинейро. Боксшылар сағат 15:00 шамасында шаршы алаңға көтеріледі.
Түнгі сағат 00:30 шамасында Сәкен Бибосынов алғашқы жекпе-жегіне шығады. 51 келі салмақтағы отандасымыз кениялық Давид Каранжа Мачариямен жұдырықтасады. Сәкен бірінші кездесуінде Гонконгтан келген Там Хун Хинді жарыстан ерте қайтарған еді.
92 келіге дейінгі салмақта Айбек Оралбай үнді боксшысы Санжитпен қолғап түйістіреді. Бұл жекпе-жек те кешкі сессияда өтеді. Сағат 01:15-ке жоспарланған.