Ауыр салмақтағы аустралиялық боксшы Теремоана Джуниор (6-0, 6 КО) кәсіпқойда кезекті қарсыласын нокаутқа түсірді.
Аустралияның Бродбич қаласындағы Gold Coast Convention Centre аренасында өткен бокс кешінде ол германиялық Осасу Отобомен (11-2-1, 5 КО) жекпе-жекке шықты. Алты раундқа есептелген бұл айқас біріншісінде-ақ аяқталды. Аустралиялық боксшы қарсыласын 60 секундта нокаутқа түсірді.
Бұл кездесу алдында Теремоана өзбекстандық Баходир Джалоловпен (14-0, 14 КО) қарымта өткізгісі келетінін мәлімдеді. Боксшылар Париж Олимпиадасының ширек финалында кездесіп, Джалолов төрешілер шешімімен жеңіп, кейін Олимпиада алтынын алған еді. Алайда бұл айқаста өзбек бкосшының жеңісін күмәнді деп санайтындар да бар, соның ішінде, Теремоана Джуниор да солай ойлайды екен.
"Қарымтаны қалайтыным анық, өйткені Олимпиадада мен жеңгенмін. Кәсіпқойда міндетті түрде қарымта айқас өткізуіміз қажет. Мен мұны асыға күтемін", - деп береді Теремоананың сөзін Boxing News.
Әуесқой бокстан кеткен Баходир Джалоловтың кәсіпқойдағы келесі жекпе-жегі 6 ақпан Канаданың Монреаль қаласында өтеді. Қарсылас франциялық Давид Спилмонт (16-8-1, 11 КО). Бұл Баходирдің Париж Олимпиадасынан кейінгі кәсіпқойдағы алғашқы айқасы болады.