Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Olympic.kz-ке берген сұхбатында Болгария астанасы Софияда өтетін кіші әлем чемпионаты аталып кеткен "Странджа кубогі" халықаралық турниріне дайындық туралы айтып берді, деп жазады Vesti.kz.
Біріккен оқу-жаттығу жиыны туралыБолгарияның София қаласында біріккен оқу-жаттығу жиыны 10-23 ақпан аралығында өтеді. Таңертең әр команда бөлек дайындалса, ал кешкі уақытта бірлескен жаттығу жиынын өткіземіз.
Дайындыққа Бразилия, Болгария, Ирландия, Италия құрамасының боксшылары қатысып жатыр. Соның ішінде әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері, Еуропа чемпиондары өзара тәжірибе алмасуда. Оқу-жаттығу жиыны өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Жарыс 24 ақпанда басталады, ал финалдық бәсекелер 2 наурызда өтеді.
Енді бұл “Странджа” кубогы кіші әлем чемпионаты деп аталып кеткен турнир. Бұл додаға бірінші және екінші нөмірлі Азия чемпиондарын, Қазақстан чемпионатының жүлдегерлерін жіберіп отырмыз. Барлық спортшыдан медаль күтуге болады. Жігіттердің физикалық және техникалық дайындықтары мықты.
Кішігірім әлем чемпионатынан кейінгі жоспар туралыБұдан кейін Ресей құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиыны өтеді. Бұл жиынға Ресейдің, Өзбекстанның, Әзірбайжанның, Беларусьтың 1-2 нөмірлі боксшылары қатысады. Бір құрамамыз Бразилияда өтетін Әлем кубогына аттанады.
Одан бөлек тағы бір құрамамыз Әзірбайжан мен Грузияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Кейіннен “Жібек жолы” атты ірі халықаралық турнирде өнер көрсетеді. Сондай-ақ 13-27 наурыз аралығында Жапония мен Корея мемлекеттерінің қатысуымен жаттығу жиыны өтеді. Ал Ресейде дайындалып жатқан спортшылар Хабаровскіде өтетін жарысқа қатысады.