Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионаты алдындағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын бастады. Біріншісі Алматы облысындағы "Ақ Бұлақ" базасында өтсе, екіншісі Түркістан облысында болады, деп хабарлайды Vesti.kz.
Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов команданы алда екі ірі жарыс күтіп тұрғаны жайлы айтты. Бірі - әлем чемпионаты, екіншісі – Олимпиада лицензиясы сарапқа салынатын Азия ойындары.
Бас бапкер ұлттық құраманың жуырда ғана Болгарияда өткен Странджа кубогы жарысында сәтсіз өнер көрсетуін де тілге тиек етті. Қазір құрама жасақталуда екен.
"Странджа кубогына біз үшінші және төртінші құраммен бардық. Өзге құрамалар негізгі құраммен келді. Бұл маңызды рөл атқарды.
Басында құрамда екі үздік боксшымыз болды. 71 килода Шымбергенов соңғы жаттығуда жарақат алып қалды. Ал Қоңқабаев жарақатпен барды, бір жекпе-жектен кейін жұдырықтасуына қарсы болдық", - дейді Айтжанов.
Айта кетейік, биылғы "кіші әлем чемпионаты" саналатын халықаралық турнирде қазақ боксшылары алтын медаль еншілей алған жоқ. Бір күміс, бір қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 7-орыннан көрінген еді.