Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) басшысы Густаво Оливьери орта салмақтағы чемпиондық жекпе-жектің өтпейтінін мәлімдеді.
Ол орта дивизионда WBO және IBF чемпионы Жәнібек Әлімханұлына (16-0, 11 КО) міндетті қарсыласы Хамза Шираз (21-0, 17 КО) жекпе-жектен бас тартқанын хабарлады. Бұған дейін екі тарапқа келісімге келу үшін берілген уақыт аяқталған еді.
"Queensberry Promotions компаниясындағы промоутер Джордж Уоррен Хамза Шираздың атынан, оның Жәнібек Әлімханұлымен орта салмақта WBO титулы үшін айқасудан бас тартқанын растады. Сондықтан бүгінгі промоутерлік сауда өтпейді. Комитет қайта жиналып, ары қарай не істейтінін анықтайды", - деп жазыпты Оливьери Х желісінде.