Delcotimes.com порталының редакторы Джек МакКаферри Vesti.kz тілшісіне берген сұқбатында орта салмақта WBO ұйымының уақытша чемпионы үшін қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы (11-0, 7 КО) мен мексикалық Хайме Мунгия (39-0, 31 КО) арасындағы айқасты ұйымдастыру үшін не кедергі болатынын айтты.
Кеше Бүкіләлемдік бокс ұйымы (WBO) бұл екі боксшы арасындағы айқасты хабарлады. Егер екі команданың өкілдері он күнде келісімге келе алмаса, онда жекпе-жекті өткізу құқығы бассаудаға қойылады.
Әлімханұлы 31 нокауты бар "Канело" ізбасарымен чемпиондық айқасқа шығады
"Әлімханұлының соңғы бір жылдағы қарсыластары мықты болды. Бұл жігіт уақыт өткен сайын қарқын алуда. Ол өз салмағында көптеген мықты боксшыларды жеңе алады. Менің ойымша, ол өте қауіпті қарсылас. Сондықтан Мунгияның командасы бұл кездесуге келісім береді деп ойламаймын. Өйткені, оның басқа ұсыныстары бар. Мысалы, Головкиннен. Мунгия Әлімханұлымен кездесуі мүмкін. Бірақ тек Головкин мексикалықпен кездесуден бас тартса ғана.
Әлем чемпионы атағы маңызды. Дегенмен Мунгия қазірдің өзінде танымал боксшы. Сол үшін де Хайме көп ақша әкелетін қарсылас іздейді. Ақша мәселесі - Әлімханұлымен өтетін кездесуде маңызға ие болады. Сонымен қатар, ақша кездесуде кедергі болуы да ықтимал", - деді МакКаферри.
Еске салайық, бұған дейін Әлімханұлы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Деметриус Андрадемен (31-0, 19 КО) жекпе-жекке шыққысы келетінін мәлімдеген болатын, алайда америкалық спортшы салмақ санатын өзгертуі ықтимал.
Ал "Канелоның" ізбасары деп аталып кеткен Мунгия болса жуырда америкалық Димитриус Балларды (21-1-1, 13 KO) нокаутпен жеңді. Содан соң ол Геннадий Головкинді (41-1-1, 36 КО) айқасқа шақырды.