Орта салмақта WBO чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8 КО) және оның келесі қарсыласы британиялық Дензел Бентли (17-1-1, 14 КО) "твиттерде" шекісіп қалды, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бәрі Жәнібектің нокаутқа түсіремін деген мәлімдемесінен басталды.
"Жекпе-жекке дейін бір ай қалды, бірақ, қарсыласымды нокаутқа түсіруге қазірден-ақ дайынмын. Дензел, бапкеріңе айт, орамалды уақытында лақтырып үлгерсін!" - деп жазыпты Әлімханұлы "твиттерде".
"Көп сөйлейсің, келесі айға дайын болсаңшы! Нокаутқа түсетін жалғыз адам сен боласың!" - деп жазыпты Бентли.
"Біз сені зерттеп қойдық! Осал тұстарыңның бәрін білеміз. Бір айда стиліңді өзгерте алмайсың ғой. Оңай шаруа, иншаАллах. Жақсылап дайындал. Бірінші раундта құлатып тастағым келмейді", - деп жалғастырды Жәнібек.
"Зерттей бер. Ал маған сені нокаутқа түсіру үшін осал тұстарыңды іздеу қажет емес! 12 қарашаға дейін аз қалды, сондықтан оттай бермей, "сабағыңа" орал", - деп жазыпты британиялық.