Қазақстандық былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8 КО) жаңа статусынан кейін алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Vesti.kz тілшісі.
Ол орта салмақта WBO (Бүкіләлемдік бокс ұйымы) тұжырымы бойынша толыққанды әлем чемпионы деп жарияланды.
"Мен әлем чемпионымын! WBO тұжырымы бойынша қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионымын. Бұл тарих! Жаратқанға мың шүкір, бақыттымын!", - деп жазды Әлімханұлы инстаграм парақшасында.
Еске салайық, орта салмақта бұл белбеудің иесі Деметриус Андраде (31-0, 19 КО) еді. Алайда америкалық былғары қолғап шебері екінші орта салмаққа ауысып, Жәнібекпен жекпе-жек өткізбегендіктен титул қазақ боксшысына берілді.