Америкалық журналист Джек МакКаффери арнайы Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында супер орта салмақтың өкілі Әли Ахмедов (18-1, 14 КО) пен Габриэль Росадо (26-15-1, 15 КО) жекпе-жегіне қатысты ойын білдірді. Әңгіме барысында ол алдағы айқасқа болжамын айтты.
"Росадоны ардагер боксшының қатарына жатқызуға болады. Алайда ол спортшының кәсіпқой рингте әлі де айтары бар. Бұл айқас көпшілікті таң қалдыратынына сенімдімін. Ахмедов үшін жақсы қарсылас табылды. Екеуі де кез-келген сәтте нокаутпен жеңіске жетуі мүмкін. Өз басым бойында күші тасып тұрған жас буын өкілі Ахмедов жеңеді деп ойлаймын. Бірақ бұл басты фактор емес", - дейді МакКаффери.
Еске салайық, Росадо 2013 жылы Геннадий Головкинге техникалық нокаутпен есе жіберген еді.
Ахмедов пен Росадо жекпе-жегі 17 қыркүйекте Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) мен Сауль "Канело" Альварес (57-2-2, 39 КО) трилогиясының андеркарды аясында өтеді.