Белгілі бокс сарапшысы Тимоти Брэдли мексикалық Сауль "Канело" Альварес (57-2-2, 39 КО) пен Геннадий Головкиннің (42-1-1, 37 КО) үшінші кездесуі бұрынғы екі айқас сияқты тартысты болмауы мүмкін дейді. Бұл туралы vRINGe.com cайтына сілтеме бере отырып Vesti.kz хабарлайды.
"Бір дүниені анық білемін. "Канело" қазақстандықты есінен айырғанша сабауға ниетті. Бұл туралы бәрінің білгенін қалаймын. Ол айқасқа аш шығады. Ол туралы білетінім, Альварес залда есінен танғанша жаттығады. Ол қатарынан екінші жеңіліске жол бермес (мамырда "Канело" Биволдан жеңілді).
Ал Головкиннің жасын ескерсек, ол 4 раундтан асып берсе, керемет болар еді. Өйткені "Канело" ештеңені күтпей, кездесудің басынан бар күшін салады. Ол жылдам әрі мықты болады. 4 раунд шыдар ма екен? Көрелік. Бірақ меніңше "Канело" кездесуді мерзімінен бұрын жеңеді немесе 12 раунд бойы Головкинді сабап шығады" - дейді маман.
Естеріңізге сала кетейік, мексикалық пен қазақстандықтың арасында бұл кездесу - үшінші. Бұған дейін екі боксшы 2017, 2018 жылдары АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы T-Mobilr Arena кешенінде тартысқа толы екі кездесу өткізген еді. Бірінші жекпе-жек тең нәтижемен аяқталса, екінші кездесуде "Канело" төрешілер шешімімен жеңіске жетті.