Орта салмақта WBO және IBF титулына ие Жәнібек Әлімханұлы (15-0, 10 КО) осы дивизионда WBC ұйымының уақытша чемпионы доминиканалық Карлос Адамеске (23-1, 18 КО) үн қатты, деп жазады Vesti.kz.
Мұның алдында боксшылар әлеуметтік желіде сөзге келіп қалып, доминиканылық боксшы Жәнібекке "жігіт болсаң келісімшартқа қол қой" (бейәдеп сөздер жеңілдетіп аударылды) деген еді. Енді Әлімханұлы сол келісімшартты талап етіп, Карлосқа сөзіңде тұр деп отыр.
"Келісімшарт қайда? Қане, ер болсаңшы! Келісімшартты жібер маған! Мен қол қояйын!", - деп жазыпты Жәнібек.
Жәнібек кейінгі рет рингке 2023 жылы АҚШ-тағы бокс кешінде шығып, германиялық Винченцо Гуальтьериден (21-1-1, 7 КО) IBF титулын тартып алған болатын.