Қазақстанда дүниеге келген, бірақ қазір Беларусь елінің намысын қорғайтын Динара Әлімбекова Уфа қаласында өтіп жатқан Ресей биатлоншылар одағы кубогінде із қуалау жарысында топ жарды, деп жазады Vesti.kz порталы.
Әлімбекова жарыс барысында ату кезеңінде екі қателік жасады. Осыған қарамастан ол 31:48.8 уақытымен бірінші орын алды. Екінші сатыға үш қателік жасаған ресейлік Ирина Казакевич жайғасса, үшінші орынды тағы бір ресейлік Кристина Резцова иеленді.
Айта кетейік, Әлімбекова Қарағанды облысында дүниеге келген. Бірақ ол үш жасында анасымен бірге Беларусь еліне қоныс аударған. Динараның Қазақстанда туыстары бар. Ал оның әкесінің аты - Талғат. Ал анасы беларусь. Сондықтан да ол Беларусь елінің азаматтығын алған.
Олимпиада тарихында Әлімбекова Қазақстан жерінде дүниеге келіп, алтын алған алғашқы биатлоншы. Ол 2018 жылы Олимпиадада эстафета сайысында топ жарды. Дегенмен 2022 жылы Бейжіңде ол жүлдесіз қалды.