"Астана" баскетбол клубы мен америкалық қорғаушы Деондре Паркс өзара келісім бойынша келісімшартты бұзды. Бұл туралы елордалық команданың баспасөз қызметі хабарлады.
"Паркске клуб құрамында өткізген ойындары үшін алғыс айтып, алдағы уақытта сәттілік тілейміз", - делінген "Астана" командасы таратқан мәлімдемеде.
Паркс "Астана" командасына жазда келген еді. Ол жалпы карьерасын 2016 жылы Ұлыбританияда бастаған. Одан кейін Грузия, Канада, Израиль, Финляндия, Венгрия және Кипрде ойнаған.
2021/22 жылғы маусымда Деондре 3ТЕ командасында болып, Венгрия чемпионатында орташа есеппен 13,0 ұпай жинады.
Сонымен қатар, Паркс Финляндия (2021) чемпионы. 2017 жылы Ұлыбритания кубогінің жеңімпазы. 2018 жылы Грузия, ал 2019 жылы Кипр чемпионатының үздік сұрмергені атанған.