Олимпиада
29 шілде 2021 18:28

"Жүлде алғаным Токиода білінбеген еді". Олимпиада қоласын иеленген зілтемірші Қазақстан халқының ықыласы жайлы

Игорь Сон. Сурет: olympic.kz, Турар Казангапов©

Қазақстан құрамасының қоржынына қола медаль салған спортшылардың бірі Игорь Сон елге оралды. Ұшақтан түсе сала Олимпиада жүлдегері Vesti.kz тілшісіне алғашқы әсерін бөлісті.

- Игорь, Олимпиаданың қола медалі құтты болсын. Жүлдеге іліккенде қандай сезімде болдыңыз?

- Ең алдымен бізге қолдау білдірген барша қазақстандықтарға алғыс айтамын. Алыста болсақ та, жарыстар жанкүйерсіз өтсе де, сіздердің қолдауларыңызды сезіндік. Бізге артылған сенімді абыроймен ақтадық деп ойлаймын. Жүлделі орынға іліккенімде қуанышымда шек болмады. Жүлде алғаным Токиода білінбеп еді. Елге оралып, халықтың ықылысына бөленген соң үлкен жұмыс атқарғанымызды біліп жатырмын.

- 2019 жылы әлем чемпионатынан кейін басқа салмаққа ауыстыңыз. Олимпиада ойындарында жаңа салмақпен жарысқа қатысу қиын болған болған жоқ па?

- Иә, әлем чемпионатында 55 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атандым. Содан кейін 61 келіге ауысып, арнайы Олимпиадаға дайындалдым. Ешқандай қиындық болған жоқ. Оның үстіне одан бері екі жыл өтті. Сондықтан да 61 келіде өзімді жақсы сезінемін.

- Париж Олимпиадасына қатысу ойыңызда бар ма?

- 2024 жылы болатын Жазғы ойындарға қатысу ойымда бар. Ол үшін дайындықты қазірден бастау керек. Ең алдымен бапкерлік штабпен ақылдасамыз. Бәрі жақсы болып жатса, келесі Олимпиадаға баруға дайынмын.

Еске салайық, Игорь Сон 61 келі салмақта Токио Олимпиадасының қола жүлдесін иеленді. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 294 (131+163) келіні еңсерді.

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport