Олимпиада
27 тамыз 2021 21:15

"Бар жиған тәжірибесін татами төрінде салды". Парадзюдо құрамасының бас бапкері Әнуар Сариевтің жетістігі жайлы

©сурет: olympic.kz

Бүгін қазақстандық парадзюдошылар құрама қоржынына күміс медаль салды. Рио ойындарының қатысушысы, еліміздегі ең мықты балуандардың бірі Әнуар Сариев 60 келіге дейінгілер арасында финалға шықты. Осы орайда Токио төрінде дзюдошыларды бастап барған команданың бас бапкері Жандос Қиянов Vesti.kz сайтына экслюзивті сұхбат берді.

"Токионың төрінде ғажайып Паралимпиада ойындары өтіп жатыр. Бүгін ерекше күн болды. Осыған дейін айтқанымдай, Әнуар бабында. Бағы жанып жатса Риода кеткен есені қайтарады деген болатынмын. Сөзіміздің дәлелі ретінде күміспен күптеліп жатыр. Әрине, алтынға бір қадам қалғанда шалыс бастық. Оған да өкінуге болмайды. Бұйырғаны осы шығар. Әнуар әлемдік рейтингте үшінші орындағы татами шебері. Осыған байланысты бірінші айналымда қарсыласы болмады. Екінші кезеңде моңғол балуанын жартылай жеңіспен ұтты. Сол жерде аздаған жарақат алды. Мұрны сынды. Саусағын ауыртып алды. Соған қарамастан, келесі айналымда венесуэлалық Маркос Бланкомен белдесті. Венесуэлалық спортшы болса алғашқы айналымда 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегерін ұтқан. Екінші белдесуінде Рио ойындарының жеңімпазы өзбек Шерзод Намозовты ұтты. Міне сондай балуандардан басым түскен қарсыласын Әнуар екі әдіспен жеңді. Бұл ретте Әнуар жақсы бабында болғанын көрсетті. Финалда әзірбайжандық Вугар Ширинлимен өзара мықтыны анықтады. Ал Ширинли болса 2017/18 жылдары паралимпиада дзюдошылары арасында өткен Гран-при турнирлерінің жеңімпазы атанған. Екі рет әлем кубогінде үшінші орын алған. Үш дүркін әлем чемпионы жапондық Намуро деген балуанды ұтқан. Финалда Әнуар қарсыласынан кем күрескен жоқ. Өкінішке қарай, қас-қағым сәтте қате жіберіп қойды. Соны пайдаланып кетті. Оған дейін екі әдісі жақсы шықты. Бірақ біреуінде ваззари әдісін таза жасай алмады. Келесінде қолы шығып кетіп қарсыласы толық түспей қалды. Ал жалпы күресі өте жақсы болды. Бар жиған тәжірибесін татами төрінде салды. Біз қуаныштымыз. Әнуардың жетістігі басқа да балуандарға, Токиоға келген спортшыларымызға жұғысты болсын. Орайы келгенде айта кетейін, қасында жүрген бапкерлік штабқа, Мәдениет және Спорт министрлігіне, Ұлттық Паралимпиада комитетіне, Атырау облысының әкімдігіне, Атырау облысының Парадзюдо және ҚР Парадзюдо федерациясына алғысымызды білдіреміз", - дейді маман.

Әзірге Қазақстан құрамасының қоржынында бір алтын, бір күміс медаль бар. Осыған дейін 54 келіге дейінгілер арасында пауэрлифтингтен сынға түскен Давид Дегтяров тәуелсіз қазақ елінің тарихында паралимпиаданың екінші алтын медалін иеленген болатын.  

Vesti.kz сайтын осы әлеуметтік желілерінде оқыңыздар

@vestisport @vestikzsport

Vesti-де Tik Tok та бар @vestikzsport